2023 жылы Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан (Қор) 1,3 млн. адам жалпы сомасы 750,7 млрд. теңгеге әлеуметтік төлемдер алды, бұл 2022 жылмен салыстырғанда 70%-ға артық. 

Еңбекке қабілеттілігінен айырылу жағдайына Қордан төленетін әлеуметтік төлем бюджет қаражаты есебінен мүгедектігі бойынша берілетін мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақыға қосымша тағайындалады. Қордан тағайындалатын төлем жалпы еңбекке қабілеттілігінен айырылу дәрежесін 30%-дан 100%-ға дейін медициналық-әлеуметтік сараптама белгілеген кезеңге төленеді және еңбек қызметін жалғастыруына қарамастан жүргізіледі. 

2023 жылда аталған төлемді Қордан 38,7 млрд. теңге сомаға 100 мыңнан аса адам алды, бұл 2022 жылмен салыстырғанда 27%-ға артық. Тағайындалған төлемнің ай сайынғы орташа мөлшері 47 445 теңгені құрады.

Қордан асыраушысынан айырылуы жағдайына төленетін әлеуметтік төлем міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушының асырауында болған тұлғаларға бюджет қаражаты есебінен төленетін асыраушысынан айырылуы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақыға қосымша тағайындалады. Қордан тағайындалатын төлем асырауындағылар 18 жасқа толғанға дейін, ал күндізгі оқу нысаны бойынша оқитындарға 23 жасқа толғанға дейін төленеді.

Есепті кезеңде асыраушысынан айырылған 64,3 мың отбасы аталған төлемді Қордан 26,8 млрд. теңге сомасына алды, бұл 2022 жылмен салыстырғанда 26%-ға артық. Тағайындалған төлемнің ай сайынғы орташа мөлшері 51 574 теңгені құрады.

Қордан жұмысынан айырылу жағдайына әлеуметтік төлем жүйеге қатысушыға жұмыстан шығу себептеріне қарамастан тағайындалады. Оны тағайындаудың негізгі шарты - жұмыссыз ретінде тіркелу. Тіркелу арқылы қатысушы әлеуметтік төлемді тағайындау құқығына ие болады. Төлем жүйеге қатысу өтіліне байланысты 1 айдан 6 айға дейін тағайындалады. Төлем мөлшері жұмыссыз ретінде тіркелгенге дейінгі соңғы 2 жыл ішінде Қорға әлеуметтік аударымдар жүргізілген орташа айлық табысқа, жүйеге қатысу өтіліне және 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап 40%-дан 45%-ға дейін арттырылған кірісті алмастыру коэффициентіне байланысты болады.  

2023 жылда аталған төлем 49,9 млрд. теңге сомасына жүзеге асырылды, оны 224,1 мың адам алды, бұл 2022 жылмен салыстырғанда 2 есе көп. Өсім өткен жылдың 1 қыркүйегінен бастап Отбасының цифрлық картасын енгізумен байланысты, оның шеңберінде жұмысынан айрылу бойынша төлем проактивті түрде ұсынылады, бұл ретте төлем тағайындауға келісімді растау жеткілікті. Сондай-ақ, бұл өсім азаматтардан «электрондық үкімет» және «электрондық еңбек биржасы» порталдары, сондай-ақ кейбір екінші деңгейлі банктердің мобильді қосымшалары арқылы төлемге өтініштер берудің электрондық нысандарының сұранысқа ие болуымен байланысты. Тағайындалған төлемнің ай сайынғы орташа мөлшері 60 мың теңгені құрады

Жүктілікке және босануға, жаңа туған баланы (балаларды) асырап алуға байланысты кірісінен айырылған жағдайда төленетін әлеуметтік төлем жүктілігі және босануы бойынша берілген демалыстың барлық күндеріне тағайындалады. 

Төлем мөлшері жүктілігі және босануы бойынша уақытша еңбекке жарамсыздық парағы берілгенге дейінгі соңғы 12 ай ішінде Қорға әлеуметтік аударымдар жүргізілген орташа айлық табысқа және еңбекке жарамсыздық күндерінің санына байланысты болады.

2023 жылда аталған біржолғы төлемді 287,5 мың болашақ ана жалпы сомасы 348,2 млрд. теңгеге алды, бұл 2022 жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда 2 есеге көп. Тағайындалған төлемнің орташа мөлшері 1 244 813 теңгені құрады.

Қордан бір жарым жасқа дейінгі бала күтіміне байланысты табысынан айырылу жағдайына ай сайынғы әлеуметтік төлем міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушыға баланың туған күнінен бастап тағайындалады. Төлемнің мөлшері соңғы 2 жылда Қорға әлеуметтік аударымдар жүргізілген орташа айлық табыстың 40%-н құрайды. Екі және одан да көп бала туған жағдайда төлем әр балаға жеке тағайындалады. 

2023 жылда бұл төлем 312,7 мың адамға тағайындалды, ай сайынғы орташа мөлшері 68 957 теңгені құрады. Төлем 287,0 млрд. теңге сомасында жүргізілді, бұл 2022 жылмен салыстырғанда 67%-ға артық.

Осылайша, міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінен қосымша деңгей есебінен жұмыс істейтін азаматтарды әлеуметтік қорғау жұмыс істемейтіндерге қарағанда әлдеқайда жоғары.

Наверх