«Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры» акционерлік қоғамы(бұдан әрі – МӘСҚ) жарғылық капиталына мемлекеттің жүз пайыз қатысуымен "Мемлекеттiк әлеуметтiк сақтандыру қоры" акционерлiк қоғамын құру туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2004 жылғы 27 ақпандағы N 237 қаулысына сәйкес құрылды. МӘСҚ Жарғылық капиталы республикалық бюджет қаржысынан қалыптасады. МӘСҚ жарғылық капиталын көбейту Қазақстан Республикасы заңнамасымен қарастырылған тәртіппен соттың немесе жалғыз акционердің шешімі негізінде жүргізілуі мүмкін.

МӘСҚ 2004 жылдың 21 сәуірінде заңды тұлға ретінде тіркелді (тіркеу туралы куәлік №16157-1901-АО). МӘСҚ акцияларының мемлекеттiк пакетiне иелiк ету және пайдалану құқықтары Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлiгiне берілді.

МӘСҚ құрылтайшысы Қазақстан Республикасы Қаржы министрлiгiнiң Мемлекеттік мүлiк және жекешелендiру комитетi атынан Қазақстан Республикасының Үкіметі болып табылады.

Жалғыз акционер МӘСҚ жоғарғы органы болып табылады. Жалғыз акционердің құқықтары мен міндеттері Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексімен (бұдан әрі - Кодекс) белгіленген шектеулер ескеріле отырып, «Акционерлік қоғамдар туралы» Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 13 мамырдағы № 415-11 Заңымен белгіленеді.

Директорлар Кеңесі МӘСҚ басқару органы болып табылады, Директорлар Кеңесі Қазақстан Республикасы заңнамасына және МӘСҚ Жарғысына жататын жалғыз акционердің ерекше құзырларынан басқа МӘСҚ қызметіне жалпы жетекшілікті жүзеге асырады.

МӘСҚ ағымдағы қызметіне басшылықты жүргізетін МӘСҚ Бас директоры атқарушы орган болып табылады.

Мемлекеттiк әлеуметтiк сақтандыру қоры бiрден-бiр құрылтайшысы мен қатысушысы мемлекет болып табылатын акционерлiк қоғам нысанындағы коммерциялық емес ұйым. МӘСҚ әлеуметтік аударымдарды жинақтауды, асыраушысынан айырылған жағдайда, отбасы мүшелерін – асырауындағыларды қоса алғанда, өздеріне қатысты әлеуметтік тәуекел жағдайы басталған міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушыларға әлеуметтік төлемдерді тағайындауды және жүзеге асыруды жүргізетін заңды тұлға.

МӘСҚ қызметінің негізгі мақсаты Қазақстан Республикасында міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесін енгізу, әлеуметтік аударымдардың сақталуы мен мақсатты жұмсалуын қамтамасыз ету болып табылады.

Қор мынадай қызмет түрлерін:

1) әлеуметтік аударымдарды шоғырландыруды;
2) әлеуметтік аударымдардың, әлеуметтік аударымдарды уақтылы және (немесе) толық төлемегені үшін өсімпұлдың, артық (қате) төленген әлеуметтік аударымдарды және (немесе) әлеуметтік аударымдардың уақтылы және (немесе) толық төленбегені үшін өсімпұлды қайтарудың, сондай-ақ инвестициялық кірістің есебін жүргізуді;
3) осы Кодексте көзделген тәртіппен әлеуметтік төлемдердің мөлшерін есептеуді (айқындауды), оларды тағайындауды, жүзеге асыруды, тоқтата тұруды, қайта есептеуді, қайта бастауды, тоқтатуды және тағайындау (тағайындаудан бас тарту) туралы шешімді қайта қарауды;
4) әлеуметтік төлемдердің және әлеуметтік төлемдердің артық есепке жазылған (төленген) сомаларын қайтарудың есебін жүргізуді;
5) міндетті әлеуметтік сақтандыру мәселелері бойынша консультациялық және түсіндіру жұмысын жүргізуді;
6) міндетті әлеуметтік сақтандыру саласындағы ақпараттық жүйені құруды және дамытуды жүзеге асырады.

МӘСҚ:

1) Кодексте белгіленген тәртіппен бағалы қағаздарға және басқа да қаржы құралдарына байланысты қызметпен айналысуға;
2) МӘСҚ қызметін қамтамасыз етуге комиссиялық сыйақы алуға;
3) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларды қоспағанда, міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінің субъектілерінен МӘСҚ қызметін қамтамасыз етуге қажетті ақпаратты сұратуға және алуға;
4) Қазақстан Республикасының аумағында филиалдар ашуға;
5) уәкілетті мемлекеттік орган айқындайтын тәртіппен және мерзімдерде мемлекеттік органдарға, ұйымдарға, төлеушіге және өтініш берушіге сұрау салу арқылы әлеуметтік төлемдерді тағайындауға, қайта есептеуге, тоқтата тұруға, қайта бастауға, тоқтату және тағайындау (тағайындаудан бас тарту) туралы шешімді қайта қарауға қажетті құжаттардың (мәліметтердің) анықтығына тексеру жүргізуге;
6) әлеуметтік төлемдерді тағайындау (тағайындаудан бас тарту) туралы қабылданған шешімдерді уәкілетті мемлекеттік орган айқындайтын тәртіппен және жағдайларда қайта қарауға;
7) Кодекске және Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес өзге де құқықтарды жүзеге асыруға құқығы бар.

МӘСҚ:

1) Мемлекеттік корпорацияның әлеуметтік төлемдерді жүзеге асыруы үшін қаражаттың уақтылы аударылуын қамтамасыз етуге;
2) уәкілетті мемлекеттік орган айқындайтын тәртіппен және жағдайларда төлеушіге әлеуметтік аударымдардың артық (қате) төленген сомаларын және (немесе) әлеуметтік аударымдарды уақтылы және (немесе) толық төлемегені үшін өсімпұлды қайтаруды жүзеге асыруға, сондай-ақ әлеуметтік төлемдердің және олардан ұсталған міндетті зейнетақы жарналарының артық есепке жатқызылған (төленген) сомаларын қайтаруды қамтамасыз етуге;
3) әлеуметтік төлемді тағайындау кезінде сот актілері мен сотқа дейінгі тергеп-тексеру органының актілері негізінде заңсыз деп танылған кірістен түскен, бұрын әлеуметтік төлемдердің мөлшерін айқындау кезінде ескерілген кезең үшін төленген әлеуметтік аударымдардың сомаларын есепке алмауға;
4) МӘСҚ-тың уақытша бос қаражатын Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі арқылы қаржы құралдарына орналастыруға;
5) жылдық қаржылық есептілік аудитін жүргізуді қамтамасыз етуге;
6) міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінің қаржылық орнықтылығына бес жылда бір рет тәуелсіз актуарлық бағалау жүргізуді қамтамасыз етуге;
7) мемлекеттік органдар мен ұйымдардың ақпараттық жүйелерінен мәліметтер алынған жағдайда, әлеуметтік төлемдерді қайта есептеу, тоқтата тұру, қайта бастау және тоқтату үшін шешімдердің жобаларын қалыптастыруға;
8) әлеуметтік төлемдерді тағайындау, қайта есептеу, тоқтата тұру, қайта бастау, тоқтату не тағайындаудан бас тарту туралы шешімдер қабылдауға;
9) әлеуметтік төлемдерге деген қажеттілікті есептеу жөніндегі болжамды деректерді қалыптастыруға;
10) график бойынша әлеуметтік төлемдерді жүзеге асыру үшін Мемлекеттік корпорацияны күнделікті қаржыландыруды жүргізуге;
11) әлеуметтік төлемдерді тағайындау және алу мәселелері бойынша қажетті түсіндірмелер беруге;
12) Қор активтерін есепке алуды жүзеге асыру үшін бағдарламалық қамтылым түрінде Қордың автоматтандырылған ақпараттық жүйесінің болуына, сондай-ақ ақпараттың сақталуы мен санкцияланбаған қол жеткізуден қорғалуын қамтамасыз етуге;
13) ақпаратты сақтауға арналған резервтік орталығы болуына;
14) ақпараттық жүйелерден алынған әлеуметтік аударымдар мен әлеуметтік төлемдердің сомалары туралы ақпараттың құпиялылығын қамтамасыз етуге;
15) Мемлекеттік корпорацияға Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен сот актілері мен сотқа дейінгі тергеп-тексеру органы актілерінің негізінде заңсыз деп танылған кірістен түскен әлеуметтік аударымдардың сомалары туралы ақпаратты ұсынуға;
16) міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушыларға уәкілетті мемлекеттік орган белгілеген тәртіппен әлеуметтік аударымдардың жай-күйі мен қозғалысы туралы ақпаратты ұсынуға;
17) Кодекске және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарына сәйкес өзге де міндеттерді орындауға міндетті.

МӘСҚ:
1) МӘСҚ активтерiн кепiлге беруге;
2) кәсіпкерлікпен және осы Кодексте көзделмеген өзге де қызметпен айналысуға құқылы емес.

Наверх