Міндетті әлеуметтік сақтандыру саласындағы Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі:

1)Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының (бұдан әрі – Қор) комиссиялық сыйақысының пайыздық мөлшерлемесінің шамасын жыл сайын, бірақ жылына екі реттен асырмай белгілейді;

2)мыналарды:

Қордың активтерін инвестициялау үшін қаржы құралдарының тізбесі мен лимиттерін;

Қордың қаржылық орнықтылығын қамтамасыз ететін нормалар мен лимиттерді;

Қордың комиссиялық сыйақысының пайыздық мөлшерлемесінің шекті шамасын белгілеу туралы ұсынысты;

еңбекке қабілеттіліктен айырылу және асыраушысынан айырылу жағдайлары бойынша төленетін әлеуметтік төлемдердің мөлшерін арттыру туралы ұсынысты әзірлейді;

3)мыналарды:

Қордың комиссиялық сыйақы алу қағидаларын;

әлеуметтік аударымдарды есептеу мен Қорға төлеу және олар бойынша өндіріп алу қағидаларын;

артық (қате) төленген әлеуметтік аударымдарды және (немесе) әлеуметтік аударымдардың уақтылы және (немесе) толық төленбегені үшін өсімпұлдарды қайтаруды жүзеге асырудың қағидалары мен жағдайларын;

міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушыға әлеуметтік аударымдардың жай-күйі мен қозғалысы туралы ақпарат беру қағидаларын әзірлейді және бекітеді;

4)мыналарды:

жүктілікке және босануға, жаңа туған баланы (балаларды) асырап алуға байланысты кірісінен айырылу жағдайы бойынша әлеуметтік төлемдерді, бала бір жарым жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты кірісінен айырылу жағдайы бойынша әлеуметтік төлемнің мөлшерін есептеу (айқындау), тағайындау, жүзеге асыру, тоқтата тұру, қайта есептеу, қайта бастау, тоқтату және оларды тағайындау (тағайындаудан бас тарту) туралы шешімді қайта қарау;

жұмысынан айырылу жағдайы бойынша әлеуметтік төлемнің мөлшерін есептеу (айқындау), тағайындау, жүзеге асыру, тоқтата тұру, қайта есептеу, қайта бастау, тоқтату және оны тағайындау (тағайындаудан бас тарту) туралы шешімді қайта қарау;

еңбекке қабілеттіліктен айырылу жағдайы бойынша әлеуметтік төлемнің мөлшерін есептеу (айқындау), оны тағайындау, жүзеге асыру, тоқтата тұру, қайта есептеу, қайта бастау, тоқтату және тағайындау (тағайындаудан бас тарту) туралы шешімді қайта қарау;

асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша әлеуметтік төлем мөлшерін есептеу (айқындау), оны тағайындау, жүзеге асыру, тоқтата тұру, қайта есептеу, қайта бастау, тоқтату және тағайындау (тағайындаудан бас тарту) туралы шешімді қайта қарау тәртібін айқындайды;

5)мыналарды:

Қордың қаржылық орнықтылығын талдауды, бағалауды және бақылауды;

Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінде белгіленген тәртіппен Қордың қызметін ішкі бақылауды жүзеге асырады;

Әлеуметтік кодексте, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында және Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге функцияларды жүзеге асырады.

Наверх