Міндетті әлеуметтік сақтандыру саласындағы Мемлекеттік кіріс органдары:

  1. Әлеуметтік кодекстің 256-бабы 1-тармағының бірінші бөлігіне сәйкес есепке жазылған әлеуметтік аударымдардың және (немесе) өсімпұлдың толық және уақтылы төленуін бақылауды Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырады.
  2. Қазақстан Республикасының салық заңнамасында көзделген тәуекелдерді басқару жүйесіне сәйкес тәуекел деңгейі жоғары немесе орташа санатына жатқызылған, төлеушіде әлеуметтік аударымдар бойынша берешек түзілген күннен бастап бес жұмыс күнінен кешіктірмей төлеушіге берешек сомасы туралы хабарлама жібереді.
  3. Әлеуметтік аударымдар бойынша берешек өтелмеген жағдайда мемлекеттік кіріс органы:

Қазақстан Республикасының салық заңнамасында көзделген тәуекелдерді басқару жүйесіне сәйкес тәуекелдің жоғары деңгейі санатына жатқызылған төлеушіге немесе агентке хабарлама табыс етілген күннен бастап бір жұмыс күні өткен соң;

Қазақстан Республикасының салық заңнамасында көзделген тәуекелдерді басқару жүйесіне сәйкес тәуекелдің орташа деңгейі санатына жатқызылған төлеушіге хабарлама табыс етілген күннен бастап он жұмыс күні өткен соң төлеушінің банктік шоттары және кассасы бойынша шығыс операцияларын тоқтата тұрады.

Мемлекеттік кіріс органдарының өкімі бойынша банктер және банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдар Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалған тәртіппен төлеушілердің банктік шоттары бойынша шығыс операцияларын тоқтата тұруға және әлеуметтік аударымдарды және өсімпұлды аударуға қатысты нұсқауларды орындауға міндетті.

Мемлекеттік кіріс органының касса бойынша шығыс операцияларын тоқтата тұру туралы өкімін төлеуші Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына келіп түскен қолма-қол ақшаны олар келіп түскен күннен кейінгі бір жұмыс күнінен кешіктірмей аудару арқылы бұлжытпай орындауға тиіс.

4. Мемлекеттік кіріс органының төлеушінің банктік шоттары мен кассасы бойынша шығыс операцияларын тоқтата тұру туралы өкімдерінің күшін осындай өкімдер шығарған мемлекеттік кіріс органы әлеуметтік аударымдар бойынша берешек өтелген күннен кейінгі бір жұмыс күнінен кешіктірмей жояды.

5. Әлеуметтік аударымдар бойынша берешек өтелмеген жағдайда пайдасына әлеуметтік аударымдар бойынша берешек өндіріп алынатын міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушылардың тізімдерін:

1) Қазақстан Республикасының салық заңнамасында көзделген тәуекелдерді басқару жүйесіне сәйкес тәуекелдің жоғары деңгейі санатына жатқызылған төлеуші – өзіне хабарлама табыс етілген күннен бастап бес жұмыс күні ішінде;

2) Қазақстан Республикасының салық заңнамасында көзделген тәуекелдерді басқару жүйесіне сәйкес тәуекелдің орташа деңгейі санатына жатқызылған төлеуші өзіне хабарлама табыс етілген күннен бастап он бес жұмыс күні ішінде хабарламаны жіберген мемлекеттік кіріс органына ұсынады.

6. 5-тармаққа сәйкес төлеуші ұсынған тізімдер негізінде мемлекеттік кіріс органы әлеуметтік аударымдар бойынша берешек сомаларын тізімдерді алған күннен бастап бес жұмыс күнінен кешіктірмей төлеушілердің банктік шоттарынан мәжбүрлеу тәртібімен өндіріп алады.

Әлеуметтік аударымдар бойынша төлеушілердің банктік шоттарынан берешекті өндіріп алу төлеуші ұсынған тізімдер қоса беріле отырып, мемлекеттік кіріс органының инкассалық өкімі негізінде жүргізіледі.

Банктік шотта (шоттарда) клиентке қойылатын барлық талаптарды қанағаттандыру үшін ақша болмаған немесе жеткіліксіз болған жағдайда банк Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінде белгіленген кезектілік тәртібімен клиенттің ақшасын алып қоюды жүргізеді.

Төлеушінің банктік шотында ұлттық валютадағы ақша болмаған жағдайда әлеуметтік аударымдар бойынша берешекті өндіріп алу мемлекеттік кіріс органдары ұлттық валютада берген инкассалық өкімдер негізінде төлеушінің шетел валютасындағы банктік шоттарынан жүргізіледі.

7. Банктер мен банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдар әлеуметтік аударымдардың сомаларын осы сомалар төлеушілердің банктік шоттарынан есептен шығарылған күні Мемлекеттік корпорация арқылы аударуға міндетті.

8. Мемлекеттік кіріс органдары төлеушінің сәйкестендіру нөмірін, басшысының тегін, атын, әкесінің атын (егер ол жеке басты куәландыратын құжатта көрсетілсе) және әлеуметтік аударымдар бойынша берешек сомасын көрсете отырып, әлеуметтік аударымдар бойынша берешегі бар төлеушілердің тізімдерін жыл сайын бұқаралық ақпарат құралдарында жариялайды.

Наверх