Міндетті әлеуметтік сақтандыру саласындағы «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы:

1. Мемлекеттік монополияға жататын мынадай қызмет түрлерін:

1) автоматтандырылған орталықтандырылған дерекқорды толықтыру мен жаңартуды және мемлекеттік базалық зейнетақы төлемін, зейнетақы төлемдерін, жәрдемақыларды, біржолғы әлеуметтік төлемдерді және өзге де төлемдерді алушылардың дербестендірілген есебін;

2) әлеуметтік қамсыздандыру, міндетті әлеуметтік сақтандыру салаларындағы ақпараттық жүйелердің деректерін толықтыру мен жаңартуды;

3) әлеуметтік төлемдердің ай сайынғы қажеттілігін және оны жүзеге асыру графигін қалыптастыруды, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына (бұдан әрі – Қор) қаражат қажеттілігі туралы өтінім жіберуді;

4) Қордың қаражатынан төленетін әлеуметтік төлемдерді ұйымдастыруды;

5) Қордың қаражаты есебінен төленетін әлеуметтік төлемдерден ұсталған міндетті зейнетақы жарналарын ұйымдастыруды және бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына аударуды;

1-тармақтың 6-9 тармақшалары 2024 жылдың 1-қаңтарына дейін қолданыста болады.

6) жеке сәйкестендіру нөмірінің базасында бірыңғай жиынтық төлем төлеушілерді дербестендірілген есепке алуды және олардың базасына жаңарту жүргізуді;

7) бірыңғай жиынтық төлемнің сомаларын Қорға, әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына, бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына және төлеушінің тұрғылықты жері бойынша тиісті бюджетке бөлуді және аударуды;

8) бірыңғай жиынтық төлемнің қате (артық) төленген сомаларын Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртіппен қайтаруды жүзеге асыруды;

9) бірыңғай жиынтық төлем төлеушілерге бірыңғай жиынтық төлем сомаларын бөлу және аудару туралы ақпарат беруді;

10) міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушыларды, олардың әлеуметтік аударымдары мен әлеуметтік төлемдерін дербестендірілген есепке алуды;

11) төлеушілерден түскен әлеуметтік аударымдарды және (немесе) әлеуметтік аударымдардың уақтылы және (немесе) толық төленбегені үшін өсімпұлдарды аударуды, олардан ұсталған әлеуметтік төлемдер мен міндетті зейнетақы жарналарының артық есепке жатқызылған (төленген) сомаларын олар Мемлекеттік корпорацияның шотына түскен күннен кейінгі бір операциялық күннен кешіктірмей, Қорға қайтаруды;

12) уәкілетті мемлекеттік орган айқындайтын тәртіппен және жағдайларда міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушы үшін төленген әлеуметтік аударымдардың сомасын төлеушіге қайтаруды;

13) уәкілетті мемлекеттік орган айқындайтын тәртіппен және жағдайларда Қор қаражаты Мемлекеттік корпорацияның шотына түскен күннен кейінгі бір операциялық күннен кешіктірмей төлеушілерге әлеуметтік аударымдардың және (немесе) әлеуметтік аударымдарды уақтылы және (немесе) толық төлемегені үшін өсімпұлдың артық (қате) төленген сомаларын қайтаруды қамтамасыз етуді;

14) мемлекеттік кіріс органына төлеушілердің келіп түскен және қайтарылған әлеуметтік аударымдарының тізілімдерін ұсынуды;

15) уәкілетті мемлекеттік орган айқындаған тәртіппен төлеушілерге – әлеуметтік аударымдардың жай-күйі мен қозғалысы туралы, сондай-ақ міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушыларға тағайындалған әлеуметтік төлемнің сомасы туралы не оны тағайындаудан бас тарту туралы ақпарат беруді;

16) Әлеуметтік кодексте, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

2. Мемлекеттік корпорация:

әлеуметтік аударымдарды және әлеуметтік аударымдардың уақтылы және (немесе) толық төленбегені үшін өсімпұлдарды;

әлеуметтік аударымдардың және олар бойынша өсімпұлдардың артық (қате) төленген сомаларын қайтаруды;

әлеуметтік төлемдерді және олардан ұсталатын міндетті зейнетақы жарналарын;

әлеуметтік төлемдердің және олардан ұсталған міндетті зейнетақы жарналарының артық есепке жатқызылған (төленген) сомаларын қайтаруды есепке алу және аудару мәселелері бойынша Қормен өзара іс-қимыл жасайды және ақпарат алмасуды жүзеге асырады.

3. Әлеуметтік кодексте көзделген қызметтерді көрсеткені үшін Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен бюджет қаражатын алуға құқығы бар.

Мемлекеттік корпорация өндіретін және (немесе) өткізетін тауарлардың (жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің) бағаларын орталық мемлекеттік органдар арасынан Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімімен айқындалатын уәкілетті мемлекеттік орган уәкілетті мемлекеттік органмен және монополияға қарсы органмен келісу бойынша белгілейді.

4. Мемлекеттік корпорация:

1) әлеуметтік төлемдерді тағайындауға, тағайындау (тағайындаудан бас тарту) туралы шешімді қайта қарауға, қайта есептеуге, тоқтата тұруға, қайта бастауға, тоқтатуға қажетті құжаттарды қабылдауды және олардың толықтығын тексеруді жүзеге асыруға, тағайындауға арналған іс макеттерін қалыптастыруға және оларды Қорға беруге;

2) алушыны әлеуметтік төлемдердің артық есепке жатқызылған (төленген) сомаларын қайтару қажеттігі туралы хабардар етуге;

3) жүгінген адамдарға қызмет көрсетудің тең жағдайларын қамтамасыз етуге;

4) әлеуметтік төлемдерді алушыларға уақтылы және толық аударуды қамтамасыз етуге;

5) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайлардан басқа да, әлеуметтік аударымдар мен әлеуметтік төлемдердің жай-күйі мен қозғалысы туралы ақпараттың құпиялылығын қамтамасыз етуге;

6) Қордың шешімі негізінде әлеуметтік төлемді жүзеге асыруға, тоқтата тұруға, қайта бастауға және тоқтатуға;

7) міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушыларға уәкілетті мемлекеттік орган белгілеген тәртіппен әлеуметтік аударымдардың жай-күйі мен қозғалысы туралы ақпарат беруге;

8) міндетті әлеуметтік сақтандыру мәселелері бойынша қажетті түсіндірмелер беруге;

9) әлеуметтік төлемді тағайындауға арналған электрондық іс макетін қалыптастыру кезінде сот актілері мен сотқа дейінгі тергеп-тексеру органының актілері негізінде заңсыз деп танылған, бұрын әлеуметтік төлемдердің мөлшерін айқындау кезінде ескерілген кезең үшін төленген кірістен түскен әлеуметтік аударымдардың сомаларын есепке алмауға міндетті.

Наверх