Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры (МӘСҚ) 1991-2018 жылдар аралығында жұмыс істетеген азаматтарға 560 мың теңге мөлшерінде жәрдемақы төлеп жатқандығы туралы WhatsApp арқылы таратылған ақпараттың шындыққа жанаспайтындығы тұралы ескертеді.

Осындай таратылымдардың пайда болуына байланысты, МӘСҚ барлық азаматтарды бейресми дереккөздерден таратылған ақпараттарға сенбеу керектігін ескертеді және көпе-көрінеу жалған ақпаратты таратқан адамның заң бойынша жауапқа тартылатындығын еске салады.

Міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесі Қазақстанда 2005 жылдан бастап енгізілген және еңбек ету қабілетінен, асыраушысынан, жұмысынан айырылуына, жүктілік және босану немесе жаңа туған баланы (балаларды) асырап алуға, сондай-ақ 1 жасқа дейінгі баланың күтіміне байланысты табысынан айырылған жағдайларда жұмыс істейтін азаматтарды қолдаудың қосымша деңгейі болып табылады. Яғни, барлық осы жағдайларда жүйеге қатысушы немесе оның отбасы мемлекет төлейтін әлеуметтік жәрдемақыға қосымша МӘСҚ-нан әлеуметтік төлемдер алады.

МӘСҚ қызметі туралы өзекті ақпарат www. gfss.kz ресми интернет-ресурста ұсынылған.

 МӘСҚ барлық азаматтарды әлеуметтік желілер арқылы таратылатын әр түрлі хабарламаларға сын көзбен қарап, тек ресми ақпарат көзінен алынған ақпараттарға ғана сену керектігін ескертеді.

Қазіргі уақытта МӘСҚ орын алған деректерге қатысты мәліметтерді процессуалдық шешім қабылдау үшін құқық қорғау органдарына жолдады.

Наверх