Еңбекке қабілеттілігінен айырылу жағдайына Қордан төленетін әлеуметтік төлем бюджет қаражаты есебінен мүгедектігі бойынша берілетін мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақыға қосымша тағайындалады. Қордан тағайындалатын төлем медициналық-әлеуметтік сараптама жалпы еңбекке қабілеттілігінен айырылу дәрежесін 30%-дан 100%-ға дейін белгілеген кезеңге төленеді және еңбек қызметін жалғастыруына қарамастан жүргізіледі. 

2023 жылғы 1 мамыр жағдайы бойынша аталған төлемді Қордан 11,7 млрд. теңге сомаға 89,3 мың адам алды, бұл 2022 жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда 20,6%-ға артық. Тағайындалған төлемнің орташа мөлшері 43 654 теңгені құрады.

Қордан асыраушысынан айырылуы жағдайына төленетін әлеуметтік төлем міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушының асырауындағы адамдарға бюджет қаражаты есебінен төленетін асыраушысынан айырылуы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақыға қосымша тағайындалады. Қордан тағайындалатын төлем асырауындағылар 18 жасқа толғанға дейін, ал күндізгі оқу нысаны бойынша оқитындарға 23 жасқа толғанға дейін төленеді. 

Ағымдағы жылдың 4 айында асыраушысынан айырылған 58,4 мың отбасы аталған төлемді Қордан 8,2 млрд. теңге сомасына алды, бұл өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 20,4%-ға артық. Тағайындалған төлемнің орташа мөлшері 46 138 теңгені құрады.

Қордан жұмысынан айырылу жағдайына әлеуметтік төлем жүйеге қатысушыға жұмыстан шығу себептеріне қарамастан тағайындалады. Оны тағайындаудың негізгі шарты - жұмыссыз ретінде тіркелу. Тіркелу арқылы қатысушы әлеуметтік төлемді тағайындау құқығына ие болады. Төлем жүйеге қатысу өтіліне байланысты 1 айдан 6 айға дейін тағайындалады. Төлем мөлшері жұмыссыз ретінде тіркелгенге дейінгі соңғы 2 жыл ішінде Қорға әлеуметтік аударымдар жүргізілген орташа айлық табысқа, жүйеге қатысу өтіліне және кірісті алмастыру коэффициентіне (45%) байланысты болады.  

2023 жылғы қаңтар-сәуір айлары аралығында аталған төлемді 12,4 млрд. теңге сомасына 75,4 мың адам алды, бұл 2022 жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда 2,5 есе көп. Тағайындалған төлемнің орташа мөлшері - 50 762 теңге.

Жүктілікке және босануға, жаңа туған баланы (балаларды) асырап алуға байланысты кірісінен айырылған жағдайда төленетін әлеуметтік төлем жүктілігі және босануы бойынша берілген демалыстың барлық күндеріне тағайындалады. 

Төлем мөлшері жүктілігі және босануы бойынша уақытша еңбекке жарамсыздық парағы берілгенге дейінгі соңғы 12 ай ішінде Қорға әлеуметтік аударымдар жүргізілген орташа айлық табысқа және еңбекке жарамсыздық күндерінің санына байланысты болады.

2023 жылғы 1 мамыр жағдайы бойынша аталған біржолғы төлемді 102,5 мың болашақ ана жалпы сомасы 99,8 млрд. теңгеге алды, бұл 2022 жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда 2 есеге көп. Тағайындалған төлемнің орташа мөлшері 1 096 906 теңгені құрады.

Қордан бір жарым жасқа дейінгі бала күтіміне байланысты табысынан айырылу жағдайына ай сайынғы әлеуметтік төлем бала туған күннен бастап тағайындалады. Төлемнің мөлшері соңғы 2 жылда Қорға әлеуметтік аударымдар жүргізілген орташа айлық табыстың 40%-н құрайды. Екі және одан да көп бала туған кезде төлем әр балаға жеке тағайындалады. 

2023 жылғы қаңтар-сәуір айларында бұл төлем 98,9 мың адамға тағайындалды, ай сайынғы орташа мөлшері 61 208 теңгені құрады. Төлем 72,8 млрд. теңге сомасына жүргізілді, бұл 2022 жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда 28,5%-ға артық.

Наверх