Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау комитетінің төрағасы Төлеген Оспанқұлов ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында жаңа Әлеуметтік кодекстің енгізілуіне байланысты мүгедектігі бар жандарға төленетін жәрдемақы мөлшері өсетінін айтты.

Биыл 1 шілдеде күшіне енетін Әлеуметтік кодексте мемлекеттік әлеуметтік қорғау инспекторларының мәртебесі, олардың негізгі ережелері, құқықтары мен міндеттері бекітілді. Мемлекеттік әлеуметтік қорғау инспекторларының құзыретіне мүгедектерді әлеуметтік қорғау, арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету, әлеуметтік қамтамасыз ету, оның ішінде зейнетақымен қамсыздандыру және міндетті әлеуметтік сақтандыру саласындағы заңнаманы сақтау, әлеуметтік төлемдерді уақытылы және дұрыс тағайындау, мемлекеттік корпорацияның әлеуметтік төлемдерді алушыға уақытылы және толық аударуы бөлігінде мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру жатады. 

«1 шілдеден бастап мүгедектігі бойынша және асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақыны 14,5%-ға қосымша арттыру көзделген. Бұл жұмысты біз бүгінге дейін толық атқардық, 1 шілдеден бастап бұл көтерілген жәрдемақыны жұрт кезең-кезеңімен алатын болады», – деп нақтылады Т. Оспанқұлов.

Мүгедектігі бойынша жәрдемақы мөлшері мүгедектік тобына және себебіне, сондай-ақ тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда белгіленетін ең төменгі күнкөріс деңгейінің шамасына байланысты болады. Бүгінгі таңда мүгедектігі бойынша мемлекеттік жәрдемақыны алушылар саны 532,3 мың адамды құрап отыр.

«Жалпы, аурудан, мертігуден, кәсіптік аурудан мүгедек болғандарға берілетін жәрдемақы мөлшері келесідей болады. І топтағы мүгедек жандарға 1,92 ең төменгі күнкөріс көрсеткішінің деңгейіне, бұл яғни 77 889 теңгені құраған. Ал енді 1 шілдеден бастап 89 248 теңге болады. ІІ топтағы мүгедек адамдарға 62 068 теңге төленсе, 1 шілдеден бастап оның мөлшері 71 398 теңгені құрайды. ІІІ топтағы мүгедек адамдар 42 190 теңге алатын болса, 1 шілдеден бастап 48 681 теңге алады», – деді комитет төрағасы.

Мүгедектігі бар балаларға берілетін жәрдемақы мөлшері осыған дейін І топтағы мүгедек балаларға 77 889 теңге болса, енді 89 248 теңгені құрайды. ІІ топтағы мүгедек балалардың жәрдемақысы 64 мыңнан 74 238 теңгеге дейін көтеріледі. ІІІ топтағы мүгедек балалардың жәрдемақысы 48 681 теңгеден 65 313 теңгеге дейін артады.

«Мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеуші 102,7 адамға және І топтағы мүгедектігі бар адамға күтімді жүзеге асыратын 42 мың адамға мемлекеттік жәрдемақыны арттыру қосымша көзделген. Мүгедек баланы тәрбиелеушілерге және күтушілерге берілетін жәрдемақы мөлшері 65 313 теңгені құрайтын болады», – деді министрлік өкілі.

Бұған қоса, 1 шілдеден бастап мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан еңбекке қабілеттігінен айырылу және асыраушысынан айырылу бойынша әлеуметтік төлемдердің мөлшері артады.

Дереккөз: https://ortcom.kz/kk/novosti/1688033219

Наверх