Тәуелсіздік – кез келген ұлттың, халықтың еркіндігі, дербестігі болса, ал қазақ халқы үшін ол – ғасырлар бойғы арманы, жаңа дәуірде қол жеткізген барлық табысының қайнар көзі. Қазақстан мемлекетінің геосаяси аренада пайда болуы тәуелсіздікке деген ерік пен ұмтылысқа толы ұзақ, әрі ауыр тарихқа ие. Осы тарихи қысқа кезеңде Қазақстан 90 - жылдардағы экономикалық және саяси дағдарыстан қазіргі заманауи әлеуметтік мемлекетке айналды. Егеменді даму жолында Қазақстан көптеген сынақтарды жеңіп, азаматтардың әл-ауқатын жақсарту мақсатында маңызды шешімдер қабылдады.  

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстан-2050» Стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауындағы басты мақсаттардың бірі жаңа әлеуметтік саясатты құру болып табылады.

Тәуелсіздік жылдары кезеңінде Қазақстан мемлекетттің, жұмыс берушінің және жұмыскердің арасындағы жауапкершілікті бөлетін, халықты әлеуметтік қорғаудың өзіндік жүйесін құрды. Құрылған әлеуметтік қамсыздандыру жүйесі құқық пен әділеттілік принциптеріне сүйенетін әлеуметтік-еңбек қатынастарына негізделеді.

Бұл саладағы реформалар жүйелі түрде жүргізілуде. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2020 жылғы 1 қыркүйектегі «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Қазақстан халқына Жолдауының басты басымдығы - азаматтардың әлеуметтік әл-ауқатын жақсарту болып табылады.

Мемлекеттің жауапкершілігі еңбек ету етпеуіне қарамастан мемлекеттік бюджет есебінен еліміздің азаматтарына әлеуметтік көмек көрсету, яғни бұл асыраушысынан айырылуы және мүгедектігіне мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақыларды қамтамасыз ету, мүгедектігі бар адамдарды оңалту, сонымен қатар көп балалы аналарға жәрдемақылар, базалық және ыңтымақты зейнетақылар және т.б. үшін қаржылар болып табылады.

 Қазақстан Республикасында міндетті әлеуметтік сақтандыру жұмыс істейтін азаматтарды мемлекеттік әлеуметтік қамсыздандырудың қосымша түрі ретінде 2005 жылдың 1 қаңтарынан бастап енгізілді.

Заңнамаға сәйкес, жұмыс берушілер өз жұмыскерлері үшін Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына (МӘСҚ) өз қаражаттары есебінен 3,5% мөлшерінде әлеуметтік аударымдар төлейді. Ал жеке кәсіпкерлер мен жеке практикамен шұғылданатын адамдар өздері үшін және жалдамалы жұмыскерлері үшін әлеуметтік аударымдар төлейді.

Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан мынадай әлеуметтік қатерлер:

- еңбекке қабілеттіліктен айырылуы;

- асыраушысынан айырылуы;

- жұмысынан айырылуы;

- жүктілігіне және босануына; жаңа туған баланы (балаларды) асырап алуына байланысты табысынан айырылуы;

 - бір жасқа толғанға дейінгі бала күтіміне байланысты табысынан айырылуы туындаған жағдайларда әлеуметтік төлемдер төленеді.

Міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесі шектелген ынтымақтастық принципіне негізделген. Аталған принциптің қызметі жұмыс жасайтын азаматтар үшін МӘСҚ-ға әлеуметтік аударымдар төлеу болып табылады. Бұл ретте, әлеуметтік төлемдерді олар үшін МӘСҚ-ға әлеуметтік аударымдар түскен және әлеуметтік қатер жағдайы туындаған жұмыс істейтін азаматтар ғана алады.

МӘСҚ-дан төленетін әлеуметтік төлемдердің мөлшері әлеуметтік аударымдар төленген табысқа, сондай-ақ жүйеге қатысу өтіліне байланысты болады. Осыған байланысты, тұрғындар үшін жұмысқа орналасқанда міндетті түрде еңбек шартына отыру өте маңызды, өйткені бұл жағдайда жұмыс беруші МӘСҚ-ға ай сайын әлеуметтік аударымдар аударуға міндетті болады.

Жүйе енгізілген сәттен бастап 2020 жылдың 1 қарашасына дейін МӘСҚ-дан 5 млн. аса алушыға 1,5 трлн.теңгеге жуық сомаға әлеуметтік төлемдер жүргізілді.

Жұмыс істейтін азаматтардың әлеуметтік қорғалуын арттыру және еңбекке ыңталандыру мақсатында міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесі одан әрі жетілдірілуде. 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап жүйеге қатысу өтілі мен әлеуметтік төлем мөлшерінің арасындағы өзара байланысты күшейтуді көздейтін жаңа редакциядағы «Міндетті әлеуметтік сақтандыру туралы» ҚР Заңы (бұдан әрі - Заң) енгізілді.

Жаңа редакциядағы Заңның басты назары еңбекке қабілеттіліктен айырылуы, асыраушысынан айырылуы және жұмысынан айырылуы жағдайларына МӘСҚ-дан әлеуметтік төлемдерді тағайындау параметрлерін қайта қарастыруға бағытталған.

Мәселен, міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу өтілінің көп болуы үшін 5 жылдан астам жұмыс өтілі бар қатысушыларға қатысу коэффициенті арттырылды. Бұл дегеніміз, адам қаншалықты көп жұмыс істесе, төлем мөлшері соғұрлым көп болады.

Егер бұрын, мүгедектігі бар адамдар үшін еңбекке қабілеттіліктен айырылуы жағдайына орташаландырылған коэффиценттер қолданылса, ал қазір медициналық-әлеуметтік сараптама белгілейтін жалпы еңбекке қабілеттілігінен айырылудың нақты деңгейі ескеріледі.

Асыраушысынан айырылуы жағдайына әлеуметтік төлем алушылар үшін асырауындағылар санының коэффиценті арттырылды.

Қаржылық-экономикалық дағдарыс кезеңінде жұмысынан айырылуы жағдайына соңғы 2 жылдағы орташа сақтандырылған кірістің 30% -дан 40%-ға дейін ұлғайтылған әлеуметтік төлем, сондай-ақ міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу өтіліне байланысты 4 айдан 6 айға дейін төлемдерді тағайындау мерзімінің арттырылуы өзекті болып отыр

Мұндай өзгерістер МӘСҚ-дан төленетін әлеуметтік төлемдер мөлшерінің айтарлықтай артуына әкелді. 2020 жылдың он айында МӘСҚ-дан 828 мыңға жуық адамға 200 млрд. теңгеден аса сомаға әлеуметтік төлемдер төленді. Өткен жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда әлеуметтік төлемдер сомасының артуы: еңбекке қабілеттіліктен айырылуына - 75,8%, асыраушысынан айырылуына - 49,6%, жұмысынан айырылуына - 3,3 есеге, жүктілікке және босануына, жаңа туған баланы (балаларды) асырап алуына байланысты табысынан айырылуына - 22,3% және бір жасқа дейінгі бала күтіміне байланысты табысынан айырылуына - 14,3% құрады.

COVID-19 инфекциясының таралуы салдарынан туындаған жаһандық дағдарыс әлеуметтік қамсыздандыру жүйесінің аса маңыздылығын көрсетті. Төтенше жағдай кезеңінде МӘСҚ-ның қаржысы есебінен шамамен 4,6 миллионға жуық адамға және карантиндік қатаң шектеу шараларына байланысты табысынан айырылған шамамен 2,4 млн. адамға жалпы сомасы 476 млрд.теңгеден аса төлемдердің қосымша түрі жүзеге асырылды. Сонымен бірге, шектеу шаралары кезеңінде халыққа медициналық көмек көрсету барысында COVID-19 инфекциясын жұқтырған медицина қызметкерлеріне, сондай-ақ қайтыс болған жағдайда олардың отбасыларына МӘСҚ-нан төлемдер төленді, бұл төлемдердің мөлшері сәйкесінше 2 миллион және 10 миллион теңгені құрады. Аталған әлеуметтік төлем жалпы сомасы 20 млрд. теңгеден аса 9,4 мың. медицина қызметкерлеріне немесе олардың отбасына төленді.

«Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы бағыттарының бірі - «Цифрлық мемлекетке көшу» болып табылады. Цифрландыруды жақсарту адам капиталы белсенді түрде дамитын жаңа қоғамды құруға алып келеді, ал автоматтандыру және басқа да жаңа технологиялар есебінен азаматтардың өз мемлекеттерімен диалогы қарапайым, әрі ашық болады.

Мұндай өзгерістер кейінгі жылдардағы көптеген технологиялық жаңалықтардың енгізілуімен байланысты. Халыққа жоғары деңгейдегі қызмет көрсетуді қамтамасыз ету мақсатында міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесі жылдан-жылға жетілдіріліп және жаңартылып отырады. Тұрғындар үшін қол жетімді және ыңғайлы мемлекеттік қызметтерді ұсыну - әлеуметтік қамсыздандырудың басты басымдығы болып табылады.  

Еңбек ету қабілетінен айырылуы, жұмысынан айырылуы және бір жасқа толғанға дейінгі бала күтімі жағдайларына МӘСҚ-дан төленетін әлеуметтік төлемге жүгінген жағдайда «бір терезе» принципі бойынша «композиттік қызметтер» арқылы ресімдеуге болады. «Композиттік қызметтің» мәні бір мемлекеттік органға жүгіне отырып, басқа тиісті органға төлемге өтініш беруге болады. Мысалы, медико-әлеуметтік мекемеде мүгедектік дәрежесін белгілеген кезде сол жерде МӘСҚ-дан төленетін әлеуметтік төлемге және бюджеттен төленетін әлеуметтік жәрдемақыға өтініш беруге болады.

Сонымен қатар, егер адам жұмысынан айырылса, онда ол Жұмыспен қамту орталығына жұмыссыз ретінде тіркеле отырып, сол жерде жұмысынан айырылуы бойынша МӘСҚ-дан төлем алуға құжаттарын ресімдей алады.

Бұдан басқа, электронды-цифрлық қолтаңбасы болған жағдайда 1 жасқа толғанға дейінгі бала күтімі және жұмысынан айырылуы бойынша төлем тағайындау үшін үйде отырып «Электронды үкімет» (egov.kz) порталы арқылы өтініш беруге болады.

Мемлекеттік органдар мен ұйымдардағы ақпараттық жүйелердің дамуымен қазіргі уақытта SMS-хабарламамен растау арқылы өтініш берушінің келісімін алу жолымен көрсетілген қызметтерді проактивті түрде беру бойынша жұмыстар жүргізілуде.

Осылайша, әлеуметтік көмек алуға құқығын азаматтың өзі емес, керісінше олардың қажеттілігін түсіне отырып, мемлекеттік қызмет көрсету үшін «құлақ асатын мемлекет» идеясын жүзеге асырудың бір тармағы ретінде нақты әлеуметтік тәуекел туған жағдайда мемлекет байланысқа шығатын басқару моделі жүзеге асырылуда. .

Бұл азаматтардың мемлекеттік қызметтер көрсету сапасына, олардың қажеттіліктерін, заңды құқықтары мен мүдделерін іске асыруға қанағаттануын арттыруға көмектеседі.

Тұтастай алғанда, жұмыс істейтін халықтың жұмыс істемейтіндерге қарағанда артықшылығы бар, өйткені олар бюджеттен мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылар мен қандай да бір әлеуметтік тәуекелдер туындаған жағдайда Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан қосымша әлеуметтік төлемдер алады.

Бүгінде міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесі жұмыс істейтін азаматтардың әлеуметтік қорғалуын арттыра және халықты жұмыспен қамтуға ынталандыра отырып, заманауи Қазақстандағы әлеуметтік-экономикалық қатынастардың маңызды және қажетті элементіне айналды, оның негізі адам, оның құқықтары мен қажеттіліктері болып табылады.

 

 «Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры» АҚ

Бас директоры

А.М. Курманов

Наверх