«МӘСҚ» АҚ Бас директоры Курманов А.М. «Қазақстанда ана мен баланы әлеуметтік қорғау» тақырыбына сұхбаты

Сұрақ:

 Алмас Мұхаметкаримович, Ұлттық статистика бюросының деректері бойынша Қазақстанда 2020 жылы 425,6 мың бала дүниеге келген, бұл 2019 жылмен салыстырғанда 5,6% - ға артық. Бұл статистика мемлекет тарапынан әлеуметтік қолдау көрсетумен байланысты ма?

 Жауап:

Қазақстанда мемлекет, жұмыс беруші және қызметкер арасындағы жауапкершілікті бөлуді көздейтін әлеуметтік қорғаудың көп деңгейлі моделі енгізілген.

Ана мен баланы әлеуметтік қорғау кешенді түрде жүргізіледі. Мемлекет бала туған кезде бюджеттен әлеуметтік жәрдемақыларды қамтамасыз етеді. Ал жұмыс берушінің қаражаты есебінен жұмыскерлерді әлеуметтік сақтандыру қамтамасыз етіледі, сонымен қатар жұмыскерлердің жарналары есебінен зейнетақы жинақтары қалыптастырылады.

Жұмыс істейтін әйелге жүктілігі және босануы бойынша еңбекке жарамсыздық парағы жүктіліктің 30 аптасынан бастап қалыпты босану кезінде күнтізбелік 126 күнге, оның ішінде босануға дейін күнтізбелік 70 күнге және босанғаннан кейін күнтізбелік 56 күнге беріледі.

2008 жылға дейін бұл еңбекке жарамсыздық парағына жұмыс берушілердің қаражаты есебінен төленді.

2008 жылдан бастап Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың 2007 жылғы "Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан" атты Қазақстан халқына Жолдауы шеңберінде жұмыс істейтін әйелдердің мүддесін қорғау мақсатында жүктілігі және босануы бойынша еңбекке жарамсыздық парағы жүктілігі және босануы бойынша төлем тағайындау үшін Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына (МӘСҚ) беріледі.

2008-2020 жылдары 2,0 млн.жуық болашақ аналарға МӘСҚ-дан 636 млрд. теңге төленді.

Жүктілігі және босануы бойынша әлеуметтік төлемнің мөлшері әйелдің соңғы жұмыс жасаған жылы үшін МӘСҚ-ға әлеуметтік аударымдар төленген табысынаа және жүктілігі және босануы бойынша еңбекке жарамсыздық парағы берілген күндер санына байланысты болады.

 

Сұрақ:

 Бала туғаннан кейін отбасы қандай төлемдер алады?

Жауап:

Бала туғаннан кейін баланың әкесіне немесе анасына еңбек қызметін жүзеге асыру асырмауына қарамастан, бала туғанда берілетін біржолғы жәрдемақы мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен төленеді. 2021 жылы көрсетілген төлем мөлшері бірінші, екінші, үшінші балаға 38 айлық есептік көрсеткішті (АЕК) немесе 110 846 теңгені, төртінші және одан көп балаға – 63 АЕК немесе 183 771 теңгені құрайды.

Егер баланың анасы жұмыс істемесе, оған бюджеттен 1 жасқа дейінгі бала күтімі бойынша жәрдемақы тағайындалады. 2021 жылы жәрдемақы мөлшері баланың туу кезектілігіне байланысты айына 16 802 теңгеден 25 962 теңгеге дейін құрайды.

Егер баланың анасы жұмыс істесе және ол үшін МӘСҚ-ға әлеуметтік аударымдар түссе, онда ол бала туғаннан кейін МӘСҚ-дан 1 жасқа дейінгі бала күтіміне байланысты табысынан айырылуы жағдайына ай сайын әлеуметтік төлем алатын болады.

2008-2020 жылдары МӘСҚ-дан көрсетілген әлеуметтік төлемді жалпы сомасы шамамен 711 млрд.теңгеге 2,8 млн. адам алды.

 

Сұрақ:

 Жаңа туған баланы күту бойынша демалыста болу кезеңі жұмыс өтіліне қосыла ма?

 Жауап:

Заңнамаға сәйкес, 1 жасқа дейінгі бала күтімі бойынша берілетін әлеуметтік төлемнен 10% міндетті зейнетақы жарналары (МЗЖ) ұсталып, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына (БЖЗҚ) аударылады.

Сонымен қатар, әйелдердің зейнетақы жинақтарының деңгейін арттыру мақсатында бюджет қаражаты есебінен қосымша МЗЖ субсидиялау енгізілді. Бұл 1 жасқа дейінгі бала күтімі бойынша демалыста болған кезеңде әйелдердің жинақтаушы зейнетақы шоттарына МЗЖ қосымша аударылатынын білдіреді.

Осылайша, 1 жасқа дейінгі бала күтімі кезеңінде, егер әйел жұмыс істеген болса, міндетті зейнетақы жарналары БЖЗҚ-ға да түседі.

Бұл ретте, зейнетақымен қамсыздандыру туралы заңнамаға сәйкес жұмыс істемейтін ананың немесе жұмыс істемейтін әкенің (ол нақты күтімді жүзеге асырған кезде) жас балаларды бағып-күткен, бірақ әрбір бала 3 жасқа толғанға дейін, жалпы алғанда 12 жыл шегіндегі уақыты зейнетақы жүйесіне қатысу өтіліне есептеледі.

 

Сұрақ:

Егер әйел 2020 жылы төтенше жағдай кезеңінде 42500 теңге алса, әлеуметтік төлемдер қалай тағайындалады?

Жауап:

Жүктілікке және босануға, сондай-ақ 1 жасқа дейінгі балаға күтім жасауға байланысты кірісінен айырылған жағдайларда төленетін әлеуметтік төлемдер соңғы 12 ай және сәйкесінше 24 ай үшін әлеуметтік аударымдар төленген табыс негізінде тағайындалады.

Әлеуметтік төлемдердің мөлшерін азайтпау үшін төтенше жағдай кезеңінде 42500 теңге төлем алған және жалақысы сақталмайтын демалыста болған айлар есептеуден шығарылады және көрсетілген кезеңнің алдындағы басқа айлардың кірістерімен ауыстырылады.

 

Сұрақ:

Егер жұмыс беруші пандемияға байланысты 2020 жылы әлеуметтік аударымдарды төлеуден босатылса, әлеуметтік төлемнің мөлшері қалай анықталады?

Жауап:

Егер жұмыс беруші 2020 жылы әлеуметтік аударымдарды төлеуден босатылғандар санатына жатқызылса және Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешіміне сәйкес әлеуметтік төлемдер мөлшерлемесіне "0" түзету коэффициентін қолданса, онда әлеуметтік төлемдердің мөлшерін айқындау кезінде міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу өтілі, сондай-ақ кіріс жұмыс берушінің беретін анықтамалары негізінде ескеріледі.

Өтініш беруші бұл анықтаманы МӘСҚ-дан тиісті әлеуметтік төлем тағайындауға жүгінген кезде "Азаматтарға арналған үкімет" Мемлекеттік корпорациясына ұсынады.

Анықтама нысанын МӘСҚwww.gfss.kz интернет-ресурсының "маңызды ақпарат" бөлімінен жүктеп алуға болады.

 

Сұрақ:

 Пандемияға байланысты жаһандық жағдайлар цифрлық технологияларға көшуді талап етті. Бұл бағытта қандай жұмыстар атқарылды?

 Жауап:

Әлеуметтік-еңбек саласын цифрландыруды дамытуды ескере отырып, мемлекеттік қызметтерді көрсетудің ыңғайлылығы мен тәртібін жеңілдету үшін проактивті қызметтер енгізілді. Бұл азаматтар өтінішпен мемлекеттік органдарға бармай-ақ жүзеге асырылатын қызметтер.

 Мемлекеттік органдар мен ұйымдардың ақпараттық жүйелері арасында деректер алмасу нәтижесінде азаматтың жәрдемақылар мен МӘСҚ-дан әлеуметтік төлемдерді алу құқығы өзектіленуде. Бұл бағытта "азамат мемлекеттік қызметтер алу үшін жүгінбеуі қажет, ал мемлекет мемлекеттік қызметтер көрсетудің бастамашысы болуы тиіс"қағидаты жұмыс жасайды.

Мәселен, бала туғаннан кейін әйелдің ұялы телефонына төлемдерді ресімдеуге қатысты sms-хабарлама жіберіледі, әйел тек оған жауап беру керек.

Сондай - ақ, электрондық цифрлық қолтаңба болған жағдайда, баланың тууы туралы куәлігін алғаннан кейін төлемдерді egov.kz электрондық үкімет порталы арқылы ресімдеуге болады. Бұл жас аналар үшін өте ыңғайлы, өйткені кішкентай баламен өтініш беруге барудың қажеті жоқ.

Наверх