«МӘСҚ» АҚ Бас директоры А.Курманов «ТМД елдері мен Грузиядағы зейнетақымен қамсыздандырудың даму болашағы» тақырыбында өткен Дөңгелек үстелге қатысты

 

2021 жылғы 11-12 қарашада «Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры» АҚ (бұдан әрі – МӘСҚ) Бас директоры А.М. Курманов Мәскеу қаласында Халықаралық зейнетақы және әлеуметтік қорлар қауымдастығы (ХЗӘҚҚ) ұйымдастырған «ТМД елдері мен Грузиядағы зейнетақымен қамсыздандырудың даму болашағы» тақырыбында өткен дөңгелек үстел жұмысына қатысты.

Іс-шарада ХЗӘҚҚ мүшелерінің зейнетақымен сақтандыру жүйесінің мәселелері талқыланды, сондай-ақ Ресей, Қазақстан, Қырғызстан, Әзірбайжан, Молдова және Өзбекстанның зейнетақы және әлеуметтік қорларының басшылары баяндама жасады.

ХЗӘҚҚ төрағасы А.М. Курманов өз сөзінде барлық қатысушыларға іс-шара тақырыбына қызығушылық танытқаны үшін алғыс айтып, Қазақстан Республикасының 2020 жылғы желтоқсанда Еуразиялық экономикалық одаққа (бұдан әрі – ЕАЭО) мүше мемлекеттердің еңбекшілерін зейнетақымен қамсыздандыру туралы келісімің ратификациялағанын атап өтті. Келісімге сәйкес, ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің еңбекшілері ЕАЭО-ның басқа мүше мемлекеттеріндегі еңбек қызметі шеңберінде өздері алған зейнетақы құқықтарын қалыптастыруға, сақтауға және іске асыруға және бір елден екінші елге көшкен жағдайда осы құқықтарын сақтауға құқылы.

Сонымен қатар, 2012-2013 жылдары Ресейдің Зейнетақы қорына сақтандыру жарналарын төлеген 1967 жылы туған және одан жас еңбек мигранттарын зейнетақымен қамсыздандыру мәселесі талқылауға ұсынылды. Болашақ зейнеткерлер үшін ақша қаражатын сақтауға бағытталған келісілген шешімдерді әзірлеу ұсынылды.

«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ Басқарма төрағасының орынбасары Б.У.Жүнісов egov.kz электрондық порталында цифрлық құжаттардың қолжетімділігі және мобильдік қосымшаларды пайдалану арқылы Қазақстан Республикасы азаматтарының жәрдемақыға онлайн өтініш ресімдей алатыны сияқты Қазақстан Республикасында көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің әртүрлі форматтары жөнінде айтты.

Сондай-ақ, дөңгелек үстелге қатысушылар ЕАЭО елдерінде 2021 жылғы 1 шілдеден бастап азаматтарға тұрғылықты жерінен шықпай-ақ лайықты жұмыс іздеуге, ал жұмыс берушілерге ЕАЭО-ның басқа елдерінде талап етілетін мамандық иелерін іздеуге мүмкіндік беретін «Шекарасыз жұмыс» біріздендірілген іздеу жүйесінің» бір мезгілде енгізілгенін атап өтті.

2021 жылғы наурыздан бастап ЕАЭО елдерінің азаматтары смартфонда ПТР тест нәтижелерін тексеруге мүмкіндік беретін «Covid-19-сыз саяхаттаймын» қосымшасын пайдалана отырып, әуе өткізу пункттері арқылы ЕАЭО-ға мүше басқа мемлекеттерге кіру мүмкіндігіне ие болды.

2020 жылғы желтоқсанда ЕАЭО елдерінің басшылары Еуразиялық экономикалық интеграцияны дамытудың 2025 жылға дейінгі стратегиялық бағыттарын бекітті. Стратегияға ЕАЭО аумағында еркін жұмыс істеу мүмкіндігі есебінен ғана емес, сондай-ақ денсаулық сақтау мен кәсіптік білім берудің қазіргі заманғы стандарттарына қолжетімділікті қамтамасыз ету арқылы адамдар үшін интеграцияның әлеуетін ашуға мүмкіндік беретін денсаулық сақтау және білім беру сияқты экономикалық ынтымақтастықтың жаңа салалары енгізілді.

COVID-19 пандемиясының әсерінен қалыптасқан экономикалық жағдайда еңбекші мигранттардың проблемаларын шешу мақсатында әлеуметтік қорғау саласындағы ұйымдарды нығайту қажеттілігі ерекше атап өтілді.

Дөңгелек үстелге қатысушылар іс-шараны ұйымдастырушыларға тәжірибе алмасудың, жаңа білім алудың бірегей мүмкіндіктері үшін алғыс айтып, ұзақ мерзімді міндеттерді шешудегі әлеуметтік қамсыздандырудың тұрақты жүйелерін құрудың маңыздылығын атап өтті.

Наверх