ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Мемлекет басшысының 2023 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында айтылған тапсырмаларының іске асырылуы туралы хабардар етті. Сонымен қатар халықаралық Қарттар күні қарсаңында қазыналы қарияларымызды әлеуметтік қолдау шаралары туралы айтты.

Светлана Жақыпова өз сөзінде ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі (бұдан әрі – Еңбекмині) Президент тапсырмаларын іске асыру бойынша белсенді жұмыс жүргізіп жатқанын атап өтті.

Өндірістік жарақаттану деңгейін төмендету мақсатында 2030 жылға дейінгі қауіпсіз еңбек тұжырымдамасының жобасы әзірленді. Атап айтқанда, жұмыс орнында кәсіптік тәуекелдерді бағалаудың жаңа моделін енгізу, кәсіптік тәуекел дәрежесі бойынша сақтандыру тарифін саралау, кәсіпорындардың цифрлық картасын құру және еңбекті қорғау саласында мемлекеттік бақылау мен мониторингтің проактивті форматын енгізу және т.б. ұсынылатын болады.

    Еңбекмині зиянды еңбек жағдайларында жұмыс істейтін адамдарды әлеуметтік қорғау деңгейін арттыру үшін осы санаттағы азаматтарға 55 жастан бастап зейнеткерлік жасқа толғанға дейін арнаулы әлеуметтік төлемді енгізу мәселесін пысықтауда.

Халықтың табысын арттыру мақсатында 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап ең төменгі жалақы мөлшері (бұдан әрі – ЕТЖ) 70 мың теңгеден 85 мың теңгеге дейін ұлғайтылады. Нәтижесінде барлық әртүрлі саладағы меншік нысандарындағы кәсіпорындарда жұмыс істейтін 1,8 млн-ға жуық жалдамалы жұмыскердің, оның ішінде 350 мыңға жуық бюджеттік қызметкердің ақшалай табысы артады.

Бұдан басқа, Министрлік Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау үшін Дүниежүзілік Банктің сарапшыларымен бірлесіп ең төменгі жалақының мөлшерін айқындайтын әдістеменің жобасын әзірлеп, оған сәйкес ЕТЖ мөлшері медианалық жалақы мен еңбек өнімділігіне қарай айқындалатын болады.

Сонымен бірге Еңбекмині мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, платформалық жұмыспен қамту саласында жұмыс істейтін азаматтардың еңбек және әлеуметтік құқықтарын қорғау тетіктерін пысықтауда.

Сондай-ақ, еңбек нарығын дамытудың кешенді жоспарының жобасы әзірленуде, ол осы жылдың қазан айында Үкіметтің қарауына енгізілетін болады.

Брифинг барысында Светлана Жақыпова қарттарды әлеуметтік қолдау шаралары туралы хабардар етті.

«Жыл сайын бүкіл әлемде, оның ішінде Қазақстанда да 1 қазан күні Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы 1990 жылғы 14 желтоқсанда 45 сессияда жариялаған Халықаралық қарттар күні атап өтіледі. Оны өткізудің басты мақсаты – егде жастағы адамдардың мемлекет пен қоғам алдындағы еңбегін құрметтеу және тану, сондай-ақ олардың проблемалары мен қажеттіліктеріне, өмір сапасын арттыру қажеттілігіне назар аудару, оларға жалпыға бірдей қамқорлық көрсету», – деді ЕХӘҚМ басшысы.

Бүгінгі таңда Қазақстанда зейнет жасындағы 2,3 миллионнан астам азамат тұрады. Мемлекет қарияларды әлеуметтік қорғау, оның ішінде зейнетақымен қамсыздандыру жүйесін жетілдіруге бағытталған шараларды дәйекті түрде қабылдауда.

Мәселен, базалық зейнетақы төлемі мен мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылардың мөлшері жыл сайын инфляция деңгейіне, ал ынтымақты зейнетақы мөлшері инфляция деңгейінен 2%-ға артып индекстеледі.

«2023 жылғы 1 қаңтардан бастап жыл сайынғы индекстеу шеңберінде базалық зейнетақы мөлшері 8,5%-ға, ынтымақты зейнетақы мөлшері 10,5%-ға ұлғайды. Бұдан басқа, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2023 жылы: ең төменгі базалық зейнетақы мөлшері ең төменгі күнкөріс деңгейінің 54%-нан 60%-ға дейін ұлғайтылды; ынтымақты зейнетақыны есептеу үшін қабылданатын ең жоғары табыс мөлшері 46-дан 55 айлық есептік көрсеткішке дейін өсті. Өсім нәтижесінде 2023 жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша жиынтық зейнетақының орташа мөлшері 120 937 теңгені құрады, оның ішінде ынтымақты зейнетақы мөлшері – 83 072 теңге, базалық зейнетақы – 37 865 теңге болды.

Сонымен қатар 2027 жылға дейін базалық зейнетақының ең төменгі мөлшері кезең-кезеңімен 70%-ға дейін, ал ең жоғары мөлшері – ең төменгі күнкөріс деңгейінің 120%-на дейін арттырылатын болады», – деді Светлана Жақыпова.

Сонымен бірге Еңбекмині қарт адамдарды қолдау, олардың әлеуметтік қызмет көрсету деңгейін арттыру, қоғамдық өмірге тарту бойынша шараларды іске асыруда.

«Республикада белсенді ұзақ өмір сүру, денсаулық мәдениеті және қоғаммен байланыс бағыттары бойынша «бір терезе» қағидаты негізінде жұмыс істейтін 79 Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы ашылып, белсенді жұмыс істеуде. Орталықтардың қызметі егде жастағы адамдардың өмір сүру сапасын жақсартуға, өнімді және белсенді ұзақ өмір сүруді ынталандыруға, егде жастағы адамдардың тәуелсіздігін қамтамасыз етуге, қоғамның өміріне бейімдеуге бағытталған», – деп атап өтті Еңбекминінің басшысы.

Министр әр өңірде қарттарды, сондай-ақ мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қолдау айлығы ұйымдастырылатынын айтты. Облыстардың, қалалар мен аудандардың әкімдері, кәсіпорындар мен ұйымдардың басшылары аға буын азаматтарын әлеуметтік қолдау жөніндегі іс-шараларды, еңбек ұжымдарында кездесулерді, амбулаториялық-емханалық ұйымдарда Ашық есік күндерін және т.б. өткізеді.

Бұдан басқа, Қарттар күніне (1 қазан) Астана қаласында, Қарағанды, Маңғыстау, Түркістан, Жетісу және Ұлытау облыстарында, сондай-ақ Республика күніне (25 қазан) Ақмола және Павлодар облыстарында аға буын өкілдеріне 2-ден 10 АЕК-ке дейінгі мөлшерде, шамамен 1,9 млрд теңгеге 234 мың адамға біржолғы материалдық көмек көрсетілетін болады.

Қарттар күніне орай Алматы, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Түркістан, Абай және Ұлытау облыстарында мерекелік азық-түлік себеттері табысталады.

Жалпы, биыл жергілікті бюджеттердің мүмкіндіктерін ескере отырып және бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі шеңберінде қарт азаматтарды әлеуметтік қолдауға шамамен 4,6 млрд теңге бағытталды (оның ішінде жергілікті бюджеттен – 4,1 млрд теңге, тартылған қаражат есебінен – 0,5 млрд теңге), оның ішінде: азық-түлік жиынтықтарын ұсынуға – 179,4 млн теңге (25,2 мың адам); жеңілдетілген дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге – 9,3 млн теңге (2,9 мың адам); тіс протездеуге – 118,9 млн теңге (1,6 мың адам); санаторий-курорттық емдеуді ұсынуға – 2 млрд теңге (19,3 мың адам); тұрғын үйді жөндеуге – 7,3 млн теңге (257 адам); отынмен қамтамасыз етуге – 37,5 млн теңге (2,1 мың адам); жалпыға ортақ пайдаланылатын көлікте жеңілдікпен жол жүруді ұсынуға – 1,6 млрд теңге (155,1 мың адам); көмектің басқа түрлеріне – 635,6 млн теңге (61,1 мың адам) бөлінді.

Дереккөз: ҚР ЕХӘҚМ интернет-ресурсы https://www.gov.kz/memleket/entities/enbek/press/news/details/625385?lang=kk

Наверх