Әлеуметтік сақтандыру – бұл жұмыс істейтін азаматтарды әлеуметтік қамсыздандырудың қосымша түрі. 2019 жылы міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесі туралы тұрғындардың ақпараттандырылуын қамтамасыз ету мақсатында «Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры» АҚ-ның (МӘСҚ) барлық филиалдарында «Ашық есік күндері» өтті. Шараға қатысушылар Қазақстан Республикасындағы халықты әлеуметтік қорғаудың көп деңгейлі жүйесі туралы толықтай ақпараттар алу мүмкіндігіне ие болды. Басты назар «Міндетті әлеуметтік сақтандыру туралы» ҚР Заңына сәйкес әлеуметтік аударымдардың толық және уақтылы төленуіне, дұрыс есептелуіне және МӘСҚ-нан төленетін әлеуметтік төлемдердің түрлеріне аударылды.

Сонымен қатар, бір жасқа толғанға дейінгі бала күтімі үшін әлеуметтік төлемдер тағайындау бойынша проактивті түрде мемлекеттік қызметтер көрсету туралы ақпараттар берілді. Аталған қызмет әлеуметтік төлемді үйден шықпай-ақ ресімдеуге мүмкіндік береді, яғни әлеуметтік төлемдер тағайындайтын әлеуметтік органдардың sms-хабарламаларына жауап беріп, банктік шот туралы мәліметті жіберсе болғаны. Ағымдағы жылдың 11 айында аталған төлем МӘСҚ проактивті түрде 13 246 алушыға тағайындалған.

Сонымен бірге аталған шараға Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің аумақтық департаменттері, «Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясы, Жұмыспен қамту орталықтары сияқты мемлекеттік органдардың өкілдері қатысып, шараға қатысушылардың әлеуметтік-еңбек саласы жөніндегі сұрақтарына жан-жақты жауап алуға мүмкіндік берді.

«Ашық есік күндері» акциясы МӘСҚ филиалдарында тоқсанына бір рет өтеді, ағымдағы жылы МӘСҚ 17 филиалында 68 шара өткізілді. Сондай-ақ 2019 жылы міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесі туралы ақпараттандыру мақсатында тұрғындармен 1280 ақпараттық-түсіндіру кездесулері өткізіліп, оған 46 304 азамат қатысты.

  Елімізде міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне 6,3 млн. аса адам қатысушы болып табылады. 2005-2019 жж. 4,6 млн. жуық адам МӘСҚ жалпы сомасы 1,2 трлн. теңгеден аса сомаға әлеуметтік төлем алған.

Наверх