Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры (МӘСҚ) жұмыс жасайтын азаматтарға қосымша қолдау көрсетеді.

МӘСҚ төленетін әлеуметтік төлемдерді ресми жұмыс істегендер және ол үшін жұмыс беруші Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына әлеуметтік аударымдар аударған азаматтар алады.

Әлеуметтік төлем мөлшері әлеуметтік аударымдар төленген табысқа және аударымдар төлену ұзақтығына байланысты.

Әлеуметтік аударымдар жұмыскер жалақысынан емес, жұмыс берушінің қаражаты есебінен төленеді.

«Біз еңбек ету қабілетінен айырылғанда, асыраушысынан айырылуы жағдайына байланысты, жұмысынан айырылуы жағдайына байланысты, жүктілікке және босануға байланысты, жаңа туған баланы асырап алуға байланысты, сонымен қатар бала 1 жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты табысынан айырылған жағдайларда төлемдер жүргіземіз.

Сондықтан жүйеге қатысушы және оның отбасы, мемлекет төлейтін әлеуметтік жәрдемақыны санамағанда, біздің Қордан әлеуметтік төлемдер алуға құқылы.

Мысалы, еңбек ету қабілетінен айырылған жағдайда әлеуметтік төлем еңбек ету қабілетінен айырылудың барлық кезеңіне тағайындалады. Оған қоса, сарапшылар белгілеген жалпы еңбек қабілеттілігінен айырылу деңгейі де маңызды мәнге ие.

Егер асыраушысынан айырылуы жағдайына берілетін әлеуметтік төлем туралы айтар болсақ, онда ол қайтыс болған ата-ананың балаларына кәмелеттік жасқа жеткенге дейін төленеді. Алайда, егер балалар күндізгі оқу орнының студенттері болып табылса, онда олар МӘСҚ-дан әлеуметтік төлемдерді 23-жасқа жеткенге дейін алатын болады. 

Жұмысынан айырылуы жағдайына төленетін әлеуметтік төлемдерді жұмыссыз ретінде арнайы есепке алынған азаматтар алады. Төлемдердің бұл түрін алу мерзімі – бір айдан бастап алты айға дейін. 

Бүгінгі күні ана мен балаға қолдау көрсету жүйесі арқылы тууды жоғарылату және балалы отбасылардың жағдайын жақсарту үшін қолайлы жағдайлар жасалынуда. МӘСҚ-дан берілетін барлық төлемдердің 93% астамы – бұл декреттік демалысқа және бір жасқа дейінгі бала күтіміне байланысты демалысқа шығатын әйелдерге көрсетілетін көмек.

МӘСҚ-дан жүктілікке және босануға байланысты табысынан айырылуы жағдайына әлеуметтік төлем бір рет төленеді және әйелдің декреттік демалысының барлық күндерін қамтиды. Жаңа туған баланы (балаларды) асырап алу жағдайында адам декреттік демалыс және бала күтімі бойынша демалыспен байланысты МӘСҚ-дан төленетін барлық тиісті төлемдерді алады.

Сондай-ақ, МӘСҚ-дан берілетін қосымша қолдаудан өзге жұмыс істейтін және жұмыс істемейтін ата-аналар дүниеге бала келгенде бюджет қаржысы есебінен баланың тууына бірреттік мемлекеттік жәрдемақы да алады.» - деп хабарлады Кемел Н.М.

Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының 2017 жылдың 9 айындағы қызметінің негізгі көрсеткіштер сипаттай келе:

«Жыл басынан бері Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан 631 мыңнан астам қазақстандықтарға 115,6 млрд. соммаға төлем жасалды.

Аталған қордан жүктілік пен босануға орташа 333 158 теңге төлемді 140 мың әйел алды.

Жұмысынан айырылуы жағдайына төленетін әлеуметтік төлемді 26 мың адам алды, орташа алғанда 18 мың 424 теңгені құрайды.Асыраушысынан айырылу бойынша 38 мыңнан астам қазақстандыққа төленген сома көлемі орташа алғанда 15 мың 163 теңге болды. Сонымен қатар, еңбек ету қабілетінен айырылуына қатысты 75 мың азаматты қамтамасыз еткен әлеуметтік төлемнің орташа көлемі - 12 мың 100 теңгені көрсетті.»,- деп мәлімдеді Кемел Н.М.

Видеобейне келесі сілтеме бойынша қолжетімді: https://itube.kaztrk.kz/videos/21940/nursulu-kemel-memlekettik-aleumettik-saqtandyrudyn-basty-ereksheligi-jumys-berushinin-aleumettik-jauapkershiligi/

Наверх