2018 жылдың 18 қазанында Тараз қаласында Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Жамбыл облысындағы күндері аясында «Міндетті әлеуметтік сақтандыру туралы» ҚР Заң жобасы бойынша (бұдан әрі – Заң жобасы) мәслихат депутаттарының, мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйымдардың өкілдерінің қатысуымен «Міндетті әлеуметтік сақтандыру туралы» ҚР Заңы жобасының жаңа редакциясын қоғамдық талқылау тақырыбында дөңгелек үстел өткізілді.

«Міндетті әлеуметтік сақтандыру туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы мемлекет Басшысының 2018 жылдың 10 қаңтарындағы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Қазақстан халқына Жолдауын жүзеге асыру мақсатында әзірленді. Мемлекет Басшысы міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіндегі әлеуметтік төлемдердің мөлшері мен еңбек өтілі арасындағы өзара байланысты күшейтуге тапсырма берді.

Міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесі Қазақстанда 2005 жылдың 1 қаңтарынан бастап жұмыс істейді және жұмыспен қамтылған азаматтарды әлеуметтік қорғаудың қосымша деңгейі болып табылады. 

Бүгінгі таңда, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры 6 млн. жуық адамды қамтиды, жыл сайын 770 мыңнан аса адам жалпы сомасы 160 млрд.теңгеге жуық төлем алады. 13 жыл ішінде 2005 жылдан 2017 жылдар аралығында әлеуметтік төлемдердің жалпы сомасы – 905 млрд. теңгені құрады.

Заң жобасының басты мақсаты Қордан тағайындалатын әлеуметтік төлемдердің параметрлерін қайта қарау арқылы міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінің құқықтық, экономикалық және ұйымдастырушылық негіздерін күшейту болып табылады.

Дөңгелек үстелге қатысушылар әлеуметтік төлемдерді тағайындау параметрлеріне өзгерістердің негізгі тәсілдерін талқылады және жұмыс істейтін азаматтарды міндетті әлеуметтік сақтандырудың әлеуметтік маңыздылығын атап өтті. Барлық қойылған сұрақтарға толықтай жауаптар берілді. Жалпы алғанда, дөңгелек үстелге қатысушылар ұсынылып отырған өзгерістерді қолдады.

Наверх