3aae91ca288621f665a7f0313d912748_1280x720

     ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінде 25 қазанда атап өтілетін ұлттық мереке – Республика күніне орай салтанатты жиын өтті.

Іс-шараға министрліктің орталық аппаратының қызметкерлері қатысты.

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова ұжымды мерекемен құттықтап, тәуелсіз Қазақстанның әлеуметтік-еңбек саласын дамытуға қосқан үлесі мен ел игілігі үшін атқарып жатқан еңбектері үшін алғыс айтты.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өткен жылғы халыққа Жолдауында жаңа Қазақстан құру бастамасын жария етіп, 25-қазанды еліміздің басты мерекесі ретінде белгіледі. Осы бастама аясында саяси жаңғырту және экономиканы трансформациялау басталды.

Бүгінде министрлік әлеуметтік қорғау саласында көптеген заңдар қабылдады. Халқымыздың өмір сүру сапасын жақсарту бойынша бағдарламалық құжаттар әзірледі. Атап айтқанда, биыл қабылданған Әлеуметтік кодексте әлеуметтік саладағы барлық заңнама бір жүйеге топтастырылып, сапалы стандарттардың жаңа жиынтығына қол жеткізілді.

Әріптестерімді Республика күнімен құттықтаймын! Айтулы мереке қарсаңында сіздердің еңбектеріңізді ерекше атап өткім келеді. Сіздердің халқымыздың әл-ауқатын арттыру мақсатындағы қажырлы еңбектеріңіз еліміздің әлеуметтік саясатын оңтайлы жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Осы орайда баршаңызға зор денсаулық пен сәттілік тілеймін. Елімізде бейбітшілік пен тұрақтылық мәңгілік орнап, әр отбасыда бақыт пен береке болсын!», – деді Светлана Жақыпова.

Іс-шара барысында министрліктің және ведомстволық бағынысты ұйымдардың 20 қызметкері түрлі мемлекеттік және ведомстволық наградаларға ие болды. Атап айтқанда «Құрмет» ордені, «Ерен еңбегі үшін» және «Еңбек ардагері» медалі, «Әлеуметтік еңбек саласының үздігі» төсбелгісі, құрмет грамоталары және алғыс хаттармен марапатталды.      

Дереккөз: ҚР ЕХӘҚМ интернет-ресурсы https://www.gov.kz/memleket/entities/enbek/press/news/details/641272?lang=kk

Наверх