ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінде құрылған мобильді топ мүшелері «Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры» АҚ Бас директоры Нұрсұлу Кемелдің басшылығымен Жамбыл облысы әкімінің орынбасарымен, аудандары мен қалаларының әкімдерімен кездесті.

Мобильдік топтың құрамына Еңбек және әлеуметтік қорғау комитеті департаментінің, Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының, Еңбек инспекциясы басқармасының, Мемлекеттік аннуитеттік компания филиалдарының, БЖЗҚ және т. б. басшылары кірді. 

Кездесу барысында барлық аудандар мен ауылдық елді мекендердің тұрғындарын қамти отырып, мемлекет Басшысының биылғы жылдың 1- қыркүйегіндегі Қазақстан халқына Жолдауы мен Әлеуметтік кодекс жобасы бойынша кең ауқымды түсіндіру жұмыстарын жүргізудің маңыздылығы атап өтілді. Бұл - Отбасының цифрлық картасын енгізудің, жұмыспен қамту саласындағы жаңа саясаттың, жаңа көші-қон саясатының, балалы отбасыларды қолдаудың, арнаулы әлеуметтік қызметтер жүйесін жаңғыртудың, зейнетақы жүйесін дамытудың өзекті мәселелері. 

Сонымен қатар, әрбір елді мекенде мемлекет Басшысының әлеуметтік-еңбек саласындағы тапсырмаларын іске асыру мәселелері бойынша азаматтарды ақпараттандыруда қалалар мен аудандар, ауылдық округтер әкімдерінің рөлі атап өтілді.

Мобильдік топтың жұмысы Жамбыл облысының Талас, Сарысу, Меркі, Шу, Мойынқұм аудандарында үш күн бойы жалғасатын болады, онда халықпен, еңбек ұжымдарымен және жастармен кездесулер өткізу жоспарланған.

Наверх