2017 жылдың 21 қыркүйегінде Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мен Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры (МӘСҚ) бірлесіп «Әлеуметтік аударымдар-жұмыспен қамтылған халықты алекватты әлеуметтік төлемдермен қамтамасыз ету» тақырыбына республикалық семинар өткізді.

Семинар жұмысына Халықаралық әлеуметтік қамсыздандыру қауымдастығына мүше-елдер мен Зейнетақы және әлеуметтік қорлардың халықаралық қауымдастығының сарапшылары, Қазақстан Республикасының Парламенті мен Үкіметінің мүшелері, ҚР Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитетінің, «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» АҚ, «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ, жергілікті атқарушы органдардың, ЕурАзЭҚ елдерінің мемлекеттік құрылымдарының жетекші мамандары қатысты.

Еңбек және халықты әлеуметті қорғау вице-министрі Светлана Жақыпова, үшінші жаңғырту аясында әлеуметтік саланы түбегейлі реформалауға ден қойылғанын әңгімеледі.

«Қазіргі уақытта көп деңгейлі зейнетақы жүйесін құру аяқталып, әлеуметтік сақтандыру жүйесі аяғына нық тұрды. Әлеуметтік қамсыздандыру жүйесін нығайтуда, 2018 жылдан бастап, Қазақстанда жаңа сипаттағы атаулы әлеуметтік көмек енгізіліп, әрі қарайғы жаңғырту жоспарлары ертеңгі Әлеуметтік қызметкерлер форумында талқыланатын Әлеуметтік қызмет көрсету жүйесін жаңғырту тұжырымдамасында көрініс табатын болады. Бүгін семинар аясында болса, біз, қауіпсіз еңбек жағдайы, демографиялық ахуал сынды жайттарды арқау еткен әлеуметтік сақтандыру жүйесін өркендету мәселелерін қарастырмақ ниеттеміз. Негізгі межелі міндет – кіріс көздерін қамтамасыз етуге лайықты жауап беретін халықты әлеуметтік қамсыздандыру мен сақтандырудың тиімді үлгісін қалыптастыру», - деп байыптады вице-министр.

Халықаралық әлеуметтік сақтандыру қауымдастығының бас хатшысы Ханс-Хорст Конколевски өзінің кіріспе сөзінде қазақстандық мамандардың Қазақстанның әлеуметтік жүйесін одан әрі дамытуда аса оңтайлы модельдерді ұсынуға тырысатынын атап өтіп, Қазақстанды Халықаралық зейнетақы және әлеуметтік қорлар қауымдастығына төрағалық ете бастауымен құттықтады.

«Қазақстан биыл ТМД елдеріндегі әлеуметтік сақтандыру қорларын біріктіретін серіктес ұйымымыз саналатын Халықаралық зейнетақы және әлеуметтік қорлар қауымдастығын төрағалық ету құрметіне ие болды.

Ерекше қуантатын жайт, Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің басшылығы әлеуметтік жүйені дамыту стратегиясын қалыптастыру кезінде өзге елдердің тәжірибесін ескеруге тырысуда. Мұндай қазіргі заманғы және озық көзқарасты үнемі қолдау керектігін түсінеміз. Себебі, әлеуметтік қорғау саласы қыр-сыры күрделі өте нәзік жүйе екені белгілі. Халықпен етене қарым-қатынас барысында туындайтын тәуекелдерді жете байыптауда мойнымызға зор жауапкершілік жүктеледі.

 Білетінім, бүгінде Қазақстанда қоғамдық сананы сергітуді қосқанда, барлық өмір тармағын жаңғырту жұмыстары белсенді жүргізілуде. Біздің ғасырда ондай батыл шараларсыз мүмкін емес екені аян», - деп ойын жеткізген Ханс-Хорст Конколевски құзырлы Министрлік атқарып жатқан шаруалар арқылы Қазақстанның тиімді әлеуметтік қорғау жүйесін құруда биік белестерді бағындыра алатынына сенім білдірді.

Семинар жұмысының аясында сақтандыру және әлеуметтік әділеттілік принциптерін сақтай отырып, халықты міндетті әлеуметтік сақтандырумен қамтуды кеңейтуде жаңа тәсілдерді жүзеге асыруды және мемлекеттік кірістер органдары мен міндетті әлеуметтік және медициналық сақтандыруды ұйымдастыруда әлеуметтік аударымдар, сақтандыру жарналары және міндетті зейнетақы жарналарын төлеу мәселелері бойынша өзара бірлескен жұмыстар талқыланды.

Наверх